image

Благотворительный фонд "Қасиетті жол"

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА «ТҰСАУКЕСЕР» ТОЙ ӨТТІ

Астанадағы №2 қалалық балалар ауруханасындағы «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығында «Тұсаукесер тойы» өтті.

 «Нұр Отан» партиясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен ашылған бұл орталықта 18 баламен бiрге үш ай бойы ем қабылдаған алты жасар Арнұр Бектас  пен төрт жасар Аяулым Қызмет қаз-қаз басып, аяққа тұрды. Бұл балалар церебральді сал  (ДЦП) ауруына шалдыққандықтан өзге балалар секілді бір жастан асқанда тәй-тәй басып кетіп алмаған. Бүгіндері қолы шипалы дәрігерлердің арқасында жүру мүмкіндігіне ие болып отыр.  Ал олардың тұсауын әнші Қарақат Әбілдина мен «Цесна-Астық» концерні» ЖШС бас директоры Владимир Лихей кесті. 

– Бiз үшiн ДЦП диагнозы бар әр баланың басын кө­тергенi, алақанын ашқаны, тәй-тәй басқаны – үлкен жеңiс. Бүгін сіздерге бiр сәйкестiктi айтайын, орталығымыз ендi ашылған кезде сауықтыру емдерiн қабылдап, ең бiрiншi, аяғын басқан бала – ол бүгін тұсауы кесілетін Аяулым­ның сыңары Арайлым болатын. Мiне, арада 1,5 жыл өткен соң Арайлымның артынан сыңары Аяулым да аяғын басып, әпке­сінің соңынан ерiп отыр, – дейдi  Балаларды оңалту ор­талығының директоры Айнұр Нұрқожаева. Оның айтуынша, орталық  ма­ман­дарының жаңа авторлық әдістемелерінің арқасында басын ұстай алмайтын балалардың 50 пайызы, отыратындардың 28 пайызы, еңбектейтіндердің 40 пайызы, тұратындардың 13 пайызы, жүретіндердің 5 пайызы жақсы нәтиже көр­сетіпті. Әр бала қадам басқан сайын осындай тұсаукесер той өткізу де дәстүрге айналып келеді екен.  Сол дәс­түрге сай, кешегі тұсаукесерде әуелі ердің жолы үлкен деген ұғыммен Арнұрдың тұсауы кесілді. Бұл балақайдың тұсауын кескен «Цесна-Астық» концерні» ЖШС бас директоры Владимир Лихей қазақтың ата салтын жақсы білетінін көрсетті. Одан кейін кішкентай Аяулымды сыңары Арайлым жетектеп алып келді. Әнші Қарақат Аяулымның тұсауын кесіп қоймай, қазақтың жөн-жо­ралғысына сай оған сый-сия­патын тапсырды. «Қаз-қаз балам, қаз балам, қада­мыңды жаз балам» деп әндеткен әнші Аяулымды анасына дейін жетек­теп апарды. Ал Аяулым­ның ана­сы әншіге «орамал тон болмайды, жол боладының» жолын жасады. Бұл көрініс көңілімізді бір көте­ріп тас­тады. 

– Қаракөз балаларымыздың алған емдерi қабыл болып, аяқ­тарын басып жатқанына  қатты қуанып тұрмын. Дегенмен, жүректiң өксiп тұрғанын да жа­сырмаймын. Біз бұл орта­лықпен көп жылдан бері байла­ныстамыз. Қалада болып жат­­сам, орталық­тың шақыруын жауапсыз қал­дырмаймын. Сал ауруына шал­дық­қаны болмаса, бұл ба­ла­­­лар­­дың ақыл-санасы бар, жүре­гi бар. Сондықтан бiздiң музы­калық мектеп қандай кон­церт өткiзсе де, осы балалар мен ата-аналарына бiрiншi қатардан орын беремiз. Мен бұл балаларды денi сау басқа бала­лардан бөлiп-жарып қарамай­мын, себебi, әрбiр бала бақытты болуға лайық. Қазақ ырымшыл халық қой, біздің бүгінгі тілегіміз қабыл болып, барлық бала жазылып кетсе екен, – дейді әнші. 
Аяулымның анасы Амангүл қызының тұсауын қазақтың аяулы әншісі кесе­тінін есті­генде жүрегі жары­лардай қуа­ныпты.  

– Егіздерім – тұңғыш­тарым, біріне сал ауруы, екін­шісіне гидроцефалия – диаг­нозы қойылғалы бері осы орталықта ем қабылдап келе­міз. Емді тегін алып жатырмыз. Құдайға шүкір, былтыр Арайлым аяғын басты, биыл Аяулым жүріп кетті. Өзім сүйіп тыңдайтын әншім – Қарақат Әбілдина қызымның тұсауын кесетінін естігенде қуанғаным­нан төбем көкке бір елі жетпей қалды. Қыздарыма әнші әпкесінің жолын берсін деп тілеймін, – дейді қамкөңіл ана. 

Осы тұста айта кетсек, «Қа­сиеттi жол» қайырымдылық қоры биылғы жылдың сәуiр айында «Цесна-Астық» кон­цернімен бiрге сал ауруына шал­дыққан балаларға көмек­тесу үшiн арнайы акцияны қолға алды. Акция шарты бойынша, сыртында «Балаларға денсаулық сыйлайық» атты  жазуы бар 400 грамдық «Цесна» макаронда­рының әрбiр са­тылған қорабынан 1 теңге  қайырымдылық қорға ау­дарыла­ды. Сәуiр айынан берi аталған акция аясында 400 мың теңге жина­лыпты. Бұл қаржы Екiбастұз қа­ласында тұратын 5 жасар Мансұрдың Астанаға келiп, екi рет ем алуына және жатып-тұруына жұмсалған. Яғни төрт жүз мың қазақстан­дық бар болғаны бiр дана макарон сатып алып, осындай үлкен сауапты iске үлес қосып отыр. 

–  Орталықта емделу үшін ұлыммен Екібастұздан келдік. Екінші рет ем алып  жатырмыз, ұлымда бірталай жетістіктер бар. «Нұр Отан» партиясы мен «Қасиетті жол» қоғамдық қайы­рымдылық қорына осы орталықты ашқаны үшін, «Цесна» ком­па­ниясына орта­лық­та емделуімізге мүмкіндік ту­ғызғаны үшін алғы­сымды біл­діремін, өйткені біздің келуіміз «Балаларға денсаулық сый­лайық» акциясының арқасын­да мүмкін болды» дейді Мансұр­дың анасы Сауле Гафиятулина.       

Айтқандай, біз тұсаукесер кезінде Қарақат Әбілдинаның өз мектебінде сал ауруына ұшыраған балаларға дәрісті тегін беретінін білдік. Білдік те риза болдық...  

 

Контакты

8 (7172) 70 28 68

+7 701 777 80 52

Задать вопрос

* - поля, обязательные к заполнению


Карта проезда

Авторизация пользователей

Ваш email *

Ваш пароль *

Забыли пароль?